Бекжан Толыбай: “Halykbank Qazkom-ның инновациялық рухын жоғалтып алмаса…”
Экономист сарапшы Бекжан Толыбаймен Halykbank пен Qazkom қосылуы және қаржы секторы туралы сұхбат
Бекжан Толыбай – мемлекеттік қызмет, инвестиция және бизнес саласында тәжірибелі экономист маман. Halykbank пен Qazkom банктерінің қосылуы, бұдан не күту керектігі туралы әңгімелескен едік.
Halykbank пен Qazkom-ның қосылуынан не күтуге болады?
Өз басым тек жақсылық күтемін, себебі екі мықты банк қосылып жатыр. Бұл әрине біраз еріксіз қосылу болды. Qazkom БТА банкпен қосылу салдарынан үлкен шығынға ұшырады. Оның себептерін жабық есіктің ар жағында отырғандар мен банк жүйесінің ішінде жүрген кәсіби мамандар білмесе, біз сияқты қарапайым банк қызметін тұтынушылар болжап қана қояр.
Бір шетінен, Halykbank жеке тұлғаларға қызмет беруде сапасы төмен болғанмен, заңды тұлғалармен жұмыс істеуде консервативті банк. 2007 жылғы қаржы дағдарысында ең аз зардап көрген банк болуының ең бастысы себебі: жылжымайтын мүліктің бағасы ұшып тұрғанда кепілдікке құнығып, оңды солды несие таратқан жоқ. Сондықтанда қаржы дағдарысына төтеп бере алды.
Екінші шетінен, тұтынушыларын жоғары сапалы сервиске дағдыландырған Qazkom банкі. Qazkom – банктер арасында цифрлық өнімдерді алғаш ұсына білген жетекші банк. Оның нарыққа ұсынған Homebank өнімі заманының озған өнім болды. Сосын банктер ішінде ең озық процессингтік орталық та Qazkom-да болды.
Екі банктің қосылуының ең ұтымды пайдасын Halykbank-тің картын қолданушылар көрген шығар. Бұрынғы түсініксіз интерфейстің орнын Qazkom банкоматтарында үйренген интерфейс дизайны алды. Банкоматтардың жұмыс істеу жылдамдығы да артты.
Қаржы секторына және теңге бағамына қалай әсер етеді?
Қаржы нарығында өте ірі бір банк пайда болды. Бір шетінен бөлімшелер жүйесі ең көп банкке айналды. Сондықтан бұндай банкке үлкен жауапкершілік жүктеледі, себебі банктер экономиканың қан жүйесі сияқты ақшаның экономикалық субъекттер арасында үздіксіз ағуын қамтамасыз етеді. Қадағалаушы органдардың барлық көзі бұл банктің үстінде болады. Теңге бағамына келер болсақ, ешқандай әсері болмайды, себебі теңгенің бағамына макро экономикалық шарттар ғана ықпал ете алады. Банк біреудің ақшасын қарызға алып, басқа біреуге қарызға беруші делдал қызметін атқарады.
Мемқызметкерлер сияқты міндеттелген клиенттерге үйреніп қалған Halykbank енді Qazkom-нан қалған сервиске үйреншікті клиенттерінен айрылып қалмай ма?
Енді қосылу барысындағы туындаған уақытша ыңғайсыздықтарға байланысты кейбір клиенттерден айырылып қалуы мүмкін, бірақ бұл жаппай жайылатын бір үрдіске айналмайды деп ойлаймын. Сосын бір банкке үйреніп қалған компаниялардың басқа бір банкке ауыса салуы да оңай жұмыс емес. Себебі компаниядағы жүйе белгілі бір банкпен жұмыс істеуге дағдыланып қалады, дағдыны ауыстыру оңай шаруа емес. Сосын компаниялар бірнеше банктен есеп шот ашып, бірнеше банкпен жұмыс істей береді. Тағы бір фактор бұл банктерден несие алған клиенттердің өз есеп шоттарын несие алған банкте ұстау туралы міндеттемелері де болады. Ал жеке тұлғалар болса, жұмыс беруші компаниялардан алатын айлық қай банктің картасына байланса, сол банктің қызметін қолданады. Сондықтан да қысқа мерзімді азды көпті өзгерістер болғанмен, банк жұмысына қауіп төнетіндей жағдай алмайды деп ойлаймын.
Halykbank елді селт еткізе алатындай жаңа қадамдарға бара алады деп ойлайсыз ба?
Qazkom-ның инновациялық рухын жоғалтып алмаса, алдағы уақытта нарыққа цифрлық технологияларға негізделген талай өнім шығара алады. Halykbank-тің акционерлері болсын, басқармасындағы адамдар болсын Qazkom-дағы бар жақсыны өз іштерінде сақтап қалудың маңыздылығын білетін адамдар. Мықты мамандардың бағалайтыны – адамдар, сондықтан қажетті мамандарды өз қатарларында сақтап қалуға тырысады.
Qazkom-ның технологиялық өнімдерін нарыққа шығаруда маңызды роль ойнаған Нұрлан Жағыпаров мырза, бұл қосылу процессі аяқталғаннан кейін Halykbank-тен кетуі мүмкін. Себебі Нұрлан мырза Qazkom-да 15 жыл үзбей жұмыс істеді. Qazkom-ның тарих беттеріне көмілуі кәсіби маман ретінде көңіліне кірбің келтіруі мүмкін. Бірақ ол жинаған команда Halykbank-те қалады деп ойлаймын.
Елімізде қазір 30 шақты банк бар екен. Бұлардың саны әлде де көбейе ме, әлде үлкен балықтар кіші балықтарды жей бере ме?
Бұл енді Ұлттық Банктің жүргізетін саясатына байланысты. Егер, банктердің жарғылық капиталдарына байланысты талаптарды өзгертіп, алдыңғы жылдардағыдай оның сомасын көбейтетін болса, нарықтағы кейбір банктер бірігуі мүмкін. Алайда, қадағалаушы органдардың қойған талаптарына сай жұмыс істейтін болса, сол бұрынғы қалпында жұмыс істей береді ғой. Қазір 2-3 банкке байланысты келіссөздер жүргізіліп жатыр, олардың жұмыстарына байланысты сын айтылған болатын. Қалған банктердің көпшілігі кішігірім шет елдік банктер, олар өз жұмыстарын баяғы қалпында жалғастыра береді.
Казкомның Инновациялық рухын халк екі банктың қосылатыны туралы сыбыс шыққанда-ақ жоқ еткен. 21 ғасырда осыншама отсталый 2 банк болса, соның бірі – халықбанк. Дұрыс жасай адмайтын болса, 4 күн деп неге уәде береді? Астана банкі де, естеріңде болса, бізде бәрі ништяк деген ақылы сұхбаттарын жариялай бастаған 🙂
Базаны көшіру оңай емес екенін түсінетіндіктен әзірше шыдап отырмын. Банктық функционал жағынан долбоеб болмаса Халық белсенді қозғалуы керек деп сеніп отырмын. Болмаса мәжбүр қалатындардан басқалары кетеді
Халық – қолдан жасап берген артықшылықтарға үйреніп алған, клиенттерге бейімделіп емес, клиенттерді өз шартына бейімдеп үйренген, барлық компания, меммекемелерді жаулап алған сидр. Оған дәл қазір өзгеруге, дамуға мәжбүрлік жоқ. Сондықтан, Казкоммен қосылып, оның инновацияларын өзіне сіңіреді дегенге сенбеймін. Қайта соның бәрін жойып, кері тартып кету ықтималы жоғары. Халықтың осы артықшылық, гегемониясына қауіп төндіретін факторлар қалыптаспай, нарықта сондай заңдар жұмыс істемей, осы кері кеткені кеткен. Но сондай факторлар пайда болғанда алдымен өлетін солар болады. Өйткені бейімделу, даму, жетілуден тәжірибесі жоқ. Сол күндер ертерек келсін деп тілеймін. Аумин!
Сол мәжбүр клиенттеріне сеніп, даму жағын ойламай қалмаса екен деген үміт бар аздаған
Шын көңілімен ризалық білдірген зейнетке… ой, клиентін көрмеппін осы уаққа дин ))))
Бекжан Толыбай экономист болғанымен қатар еще сценарист екенін де біреу білсе төртеу білмейді…
Өзі хобби ретінде сценарий жазумен айналысады.
Төртеудің бірі мен екенмін. Маған айтқан жоқ 🙂
Құрсын, кеттік дейм Сбербанкке.