Иван Ошкера: «Хорватияда қазір – толықтай футбол ессіздігі»

Хорватиялық футбол фанаты Иван Ошкерамен Хорватия құрамасы туралы сұхбат

Иван Ошкера – 32 жаста, медицина қызметкері. Риека клубының және жалпы үлкен футбол фанаты. Риекалық фанаттармен өткен жылдың күзінде Румынияда танысқан едім. Франция – Хорватия финалының алдында елдегі соңғы жағдайды және Хорватия футболын сұрадым.

Әлем Чемпионаты басталмай тұрып Хорватия құрамасының мүмкіндіктерін қалай бағаладың?
Қай жерге дейін барады деп болжадың?

Болжамым ширекфинал еді, Испаниямен кездесеміз деп ойлағам…

Хорватия іріктеу кезеңінде топтан шыға алмай қалуы да мүмкін еді. Бапкер Далич қандай өзгеріс әкелді?

Далич ойыншыларды көтере алды. Бұрынғы бапкер Анте Чачич хорват футболының кесапаты еді. Ешқандай идеясыз, тактикасыз еді. Бір сөзбен айтқанда – катастрофа. Далич – карьерасын араб елдерінде және Хорватияда кішкентай клубтарда жасаған адам. Тек Риекадан басқа. Үлкен клубтардан Риека ғана оған 10 жыл бұрын жұмыс істеуіне мүмкіндік берді.
Далич – жақсы мотиватор. Ойынды жақсы оқи алады. Нашар ойынды сезген кезінде ойыншы алмастырулары сәтті және жалпы ойыншыларға жақсы дем береді, рух көтереді.

Елде не болып жатыр қазір? Халық футболмен өмір сүріп жатыр ма?

Хорватияда қазір – толықтай футбол ессіздігі! Бүгін көп жерде қысқа күн. Ойын-сауық орталықтары, азық-түлік дүкендері, бәрі түске дейін ғана істейді. Тек төтенше жағдай қызметтерінен басқалары әлбетте.

Бәрі футбол деп жатқан кезде, соның шуымен билік заңда, реформа немесе қандайда бір әлеуметтік маңызы бар нәрседе өзгеріс енгізіп жіберген жоқ па?

Бұл Хорватия ғой. Футболдың көлеңкесі астында зейнет жасы туралы заң қабылданып кетті. Енді 65 жасқа дейін жұмыс істейтін боламыз.

Президенттерің шынымен эконом-класспен ұша ма? Трибунада қарапайым жанкүйерлермен бірге отыра ма? Әлде бұның бәрі жәй пиар ма?

Шынымды айтсам, бұның бәрі пиар деп ойлаймын.

Хорватиялықтар да Виданың Украина туралы сөздерін талқылады ма?

Вида – жынды жігіт қой. Сол сөздерді 100% шындап айтты деп ойламаймын. Бірақ біраз жыл Украинада ойнады ғой. Кім біліпті?..

Бұрынғы Югославия елдері қазір Хорватияға жақтасып отыр ма?

Иә, бұрынғы Югославия елдерінің барлығы қазір Хорватияны қолдайды деп ойлаймын.

Қазіргі құрам 1998 жылғы құрамнан мықты ма?

Тең ойындар арқылы аздап сәттілік болды деп ойлаймын қазіргі құрамада. Бірақ 1998-бен салыстырсақ, кей маңызды позициялардағы ойыншылар бұрынғы құрамнан мықты.

Францияны қалай ұтуға болады?

Мұқияттылық, сабырлық және өткір қарымта шабуылдарымыз – басты көзірлеріміз болмақ. Гризманн мен Мбаппені жабу керек. Мбаппе қазір өзінің нағыз футбол сиқырын бастаған кезі. Бірақ Модрич пен Ракитич екеуі қазір әлемдегі ең мықты орта алаңдағы дуэт.

Қазақ футболы туралы не дейсің?

Соңғы жылдары қазақтар жақсы көтеріліп келеді. Әсіресе клубтық деңгейде. Еурокубоктарда жақсы нәтижелерің бар.

Риеканың бұрынғы ойыншысы, қазіргі «астаналық» Марин Томасов Ұлттық Құрамада ойнай алар ма еді?

Марин Томасов – мықты вингер. Өте нәтижелі. Көп гол әкеледі. Бірақ Ұлттық Құрама калибріндегі ойыншы емес. Егер сенің позицияңда Перишич, Ребич, Манджукич, Крамарич бар болса, демек бұл сенің сәтсіздігің.

Аршат Ораз

КерекИнфо блог-платформасының құрушысы. Блогер. Web мастер. Медиа-лектор

1 пікір

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Close