Асхат Еркімбай: “Медиа қазір жеңіл-желпі дүние жазуға, entertainment-ке көшуге мәжбүр”

Танымал медиалектор Асхат Еркімбаймен блоггинг және блогосфера туралы сұхбат

Асхат Еркімбай – қазақ блогосферасының атасы болып саналады. 2007 жылдан бастап қазақ блогшыларының көбеюіне, сауаттануына ат салысқан азамат. Журналист және медиалектор ретінде жаңа медиа бағытында дәрістер береді. Әлі де Өрімтал блогын жүргізіп келеді.

Блоггингті әлеуметтік желілер тұншықтырды ма, әлде кезіндегі блогосфера әлеуметтік медианың ролін атқарып тұрды ма?

Сауалға қарағанда блогингке қатысты сенім мен үміт көп болғанға ұқсайды. “Тұншықтырды” деген сөз тым әсіре тәрізді. Болуы тиіс процес жүріп жатыр. Ешкім ешкімді тұншықтыратындай бір-біріне жау емес. Блог та, әлеуметтік желі де пікірді, ойды жеткізудің әртүрлі формалары. Технологияның дамуына орай ой-пікірді жеткізудің формасы өзгеріп отыруы заңдылық. Медиа сарапшылар блогтан кейін әлеуметтік желі кезеңі келетінін, әлеуметтік желіден кейін қосымшалар дәуірі туатынын бұрыннан болжаған. Сондықтан WordPress-тен кейін Facebook, ал одан кейін WhatsApp келіп жатса, бұл пікір білдіретін, ақпарат тарататын каналдар және олардың мүмкіндіктері көбейіп келеді деген сөз.

“Кезіндегі блогосфера”, “әлеуметтік медиа” дегендегі негізгі меңзегеніңіз Қазақ блогшыларының ортасын айтып отырсаңыз, иә, әлеуметтік желі көмегімен әртүрлі орталар қалыптасып, ақпарат алмасатын алаң шығып жатыр. Бірақ мәселе, менің ойымша, сапада. Медиа деген сөздің аясында ақпараттың емін-еркін алмасатын алаңы десек, блог та, әлеуметтік желі де сондай алаң тудыра алды. Бірақ пікір мен ойды айтатындар ой-пікір еркіндігі дәріптелетін қоғамда өмір сүрмегендіктен айтылған ой-пікір қоғамның жақсаруына бірден әсер етіп жатыр дей алмаймын.

“Әлеуметтік медиа” деген тіркестің өзі ойлануға тұрарлық нәрсе. Себебі медиа негізі бір топқа тиесілі болмауы керек. Медианың формасына орай біз дижитал медиа деуіміз мүмкін, бірақ оны қолданатын адамдардың тобына орай “әлеуметтік медиа” деп атауымыз қызық тәрізді. Әлеуметтік емес медиа болуы мүмкін бе? Болса, онда оның несі медиа?

Блоггинг бола ма, әлеуметтік желі бола ма, оны қолданып отырған адам осы елдің тұрғыны. Сондықтан шынайы қоғам бейсаяси, әлеуметтік белсенділігі төмен, билікпен диалогқа баруға құлықсыз болса, ешқандай блог та, әлеуметтік желі де қоғамның ішінен дамуына көмектесе алмайды.

Блог немесе әлеуметтік желі дәстүрлі медиа істей алмағанды істеп, қоғамдағы әділетсіздікке қарсы тұруға көмектесіп жатса, бұл адамдардың саяси немесе азаматтық белсенділіктері жоғарылағаннан емес, технология ақпаратты көпшілікке тез таратып, көпшіліктің назары ауатындай жағдай жасап қойғандығынан деп білемін. “Егеменге жарияланған” мақала мен Facebook-те жарияланған бір постың мысы тең емес. Себебі, екі бөлек технология.

Салалық блоггинг және содан кейін колумнистика дамиды деген болжамдарымыз неге орындалмады?

Себебі медиасауаттылық күн тәртібіне шықты. Оқырман сапалы мен сапасызды ажыратпай тұтынады. Солай ыңғайлы. Қызық. “Жаға ұстататын” жаңалықтарды оқығаннан өміріміз өзгеріп кетпейтінін білсек те, елден қалмау синдромымен оқимыз. Колумнистика да өзіне жұртты қарату үшін тауар ретінде сатылып, көзге түсуі керек. Сондай ақ, колумнистикаға қоғамда сұраныс бар, жоғын анықтаған дұрыс болар. Егер қоғамдағы негізгі жарнама беруші де, алушы да билік болса, блогингтің де, колумнистиканың да т.б. медиа контентті тарату формаларының болашағына тікелей солар ықпал етеді.

Колумнистика жеке пікірі бар, белгілі бір саладан білімі бар адамның бейтарап, өткір, қызықты көзқарасына зәру. Өкінішке қарай, білім де, пікір де оңып тұрған жоқ. Ал бола қалған күннің өзінде медианы қадағалауды күшейту пікірдің құнын арзандатып отыр. Медиа қазір жеңіл-желпі дүние жазуға, entertainment-ке көшуге мәжбүр.

Жақсы жүлде қоры болған Блогиада жарыстары да блогосфераны тірілте алмады. Қайта ояту үшін не істеу керек?

Блогиада, шындығын айтқанда, жүзі таныс адамдардың қайта бас қосып, өткен шақты еске түсіруі тәрізді болды. Блогософераны қайта тірілту мақсатын көздеді деп ойламаймын. Егер қайта тірілту жағын ойласа, блогиада басталмай тұрып, нақты бір жоспар жасалуы керек еді. Ең болмаса, Блогиада сайтын блогплатформа қылып, кез-келген адамға блог ашу мүмкіндігін қосу керек пе еді деп ойлаймын. Блогиада сайтындағы жазбалар үздік блог жазба ретінде сақталып, блогшы болғысы келетіндерге ұсынылуы керек еді. Блогиада жобасының пікірді еркін, көркем, кәсіби жеткізетіндер шоғырын қалыптастыруды көздесе, бұл байқау концепциясы емес, 5-10 жылға дамуды көздеген стратегиялық шара болуы керек-ті. Себебі бір реттік қаржылық көмек немесе демеушілік ұзақ мерзімді мотивацияға азық бола алмайды.

Блогер деген кім? Блогы бар адам ба, әлде әлеуметтік желі белсендісі де блогер ме?

Блогшы дегеніміз жеке көзқарасын өзінің белгілі бір ресурсында жариялап отыратын интернет қолданушы. Егер біздің қоғам “Facebook немесе Instagram белсенді қолданушысын блогер деп танып, тіпті сол анықтама негізінде мемлекеттік тендерге проект жазып қойса, бұған қарсы тұра алмаймыз. Блогшы болу үшін белгілі бір блогплатформада блогың болуы керек, жиі жаңарып тұруы керек т.с.с. әлемдік принциптер тиімсіз болса, өзіне ыңғайлы, қолайлы анықтаманы тудырғандар сол шындықпен өмір сүреді. Әрі соны шындық етіп көрсетуге тырысады. Бұл тек блог саласында емес, біздің қоғамда көп жерде қалыптасып қалған жағдай.

Аршат Ораз

КерекИнфо блог-платформасының құрушысы. Блогер. Web мастер. Медиа-лектор

2 пікір

  1. Базар жоқ кісі былай 🙂
    Маған блогиада финалдында өз дауысын бергені үшін ваще лайк 🙂

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Close