Аршат Хайролла: “Музыкада жаңалық ашқым келеді”
Жас әнші, актер Аршат Хайролламен музыка және театр туралы сұхбат
Аршат Хайролла – жас әнші, актер. 22 жаста. Ақтөбе облысындағы Ойыл ауданының тумасы. Алматыдағы Жүргенов колледжін муздрама мамандығын үздік тамамдаған. Колледжден кейін Мәскеудегі ИТИ Ершов институтында театр және кино режиссері мамандығы бойынша білім алған. 2016 жылдан бері жас мамандардан құралған Трансформа кеңістігіндегі LAB316 тәуелсіз труппасының актері. Сонымен қатар ән айтады. Әуені мен сөзін өзі жазады.
Instagram: @khairollaa
Telegram: @HARShAT
Әдетте адамдар Youtube арқылы танымал болып кетіп жатады. Ал сенің әндеріңді ВК мен Телеграмда көріп ұнаттық. Клип түсіріп көргің келей ме?
Ән жазып шығарғаныммен маркетинг, пиар жағына жоқпын. Сол себептi жәй ғана ВК мен Телеграмга шығардым. Бар қолымнан келгені сол. Ал клип түсiруге асықпаймын, жасағасын сапалы дүние жасағым келедi. Алдағы уақытта YouTube каналымды дамыту ойда бар.
Негізі актерсың, режиссер болғың келеді. Ал музыка ше? Бұл хобби ме, әлде бұл жағынан да жоспарларың бар ма?
Хобби емес, алда жоспарларым көп. Қолымнан келмесе айналыспас ем. Келiп тұрса неге дамытпасқа?
Гитара – бізде жастық романтика және бард әндерінің символы деуге болады. Гитарашылар эстрадамызға көп сіңісіп кете алмады. Қазір Дархан Джузз сияқтылар кіріп көріп жатыр. Сен немен таң қалдырар едің? Фишкаң не болады?
Фишкам – эксперимент! Жаңалық ашу! Менің әндерім көптің көңілінен шықпауы мүмкін, себебі басқаның жұмысына ұқсатпауға тырысамын. Жанрдан жанрға секіріп, ешкімге ұқсамайтын, әлемде болмаған жаңалық ашқым келеді. Өзімді бір нәрсемен шектемеймін. Пианино, гитара, барабан….
Бұрын Аршат деген топ болды. Ол атты қайталамайтының белгілі. Сахнадағы атың қандай?
Сахнадағы атым – ARShAT. Аршат тобын естігем, оны қайталамайын деп тегiмдi косайын десем Молданазарға ұқсап кетедi. Лақап ат қойғым келмейді.
Апам қойған атымды қорламай, қолданғалы жатырмын. Ауылда мен дүниеге келмей тұрып Аршат есімді вундеркинд бала болатын, 1 жылда бірнеше сыныпты тамамдап, халықты таң қалдырып отырған. Менің есімімді сол кісінің құрметіне қойған. Бірақ біліміммен таң қалдырмасам да, талантыммен таң қалдырамын деп үміттенемін.
Қазір заман басқа. Гәкку тойский әндерді ысырып берді. Молданазар сияқтылар жаңа бағыттарға жол ашып берді. Жастарға қазір Гәккуге шығу арман ба, әлде танымал болудың басқа жолдары бар ма?
Гәкку ашылғалы шынымен де көп нәрсе өзгерді. Бірақ мен үшін Гәккуге шығу арман да, мақсат та болған емес.
Көтерілудің басқа жолы – интернет. Бірақ атаққа қызықпаймын, маған бастысы болашақта ұялмайтындай тарих қалдыру.
Театр өнері де жаңа тыныс алған сияқты. Тәуелсіз труппалар шыға бастады. Алматы қалай қабылдады қойылымдарыңды? Астана және басқа аймақтарға тарауға шанс бар ма? Әлде біздің халық әлі дайын емес пе?
Алматы өте жақсы қабылдады. Тіпті біз ойлағаннан да жоғары деңгейде өтіп отырды. “2018 жылдың үздік ұжымы” номинациясын алдық.
Негізінде халық дайын емес деп айтуға болмайды, себебі халық өзіне не керегін білмейді. Егер бір біріне ұқсамайтын көп қойылымдар қойсақ, сол кезде ғана халыққа таңдап алу мүмкіндігін береміз.
Астанаға әзірге жоспарымыз жоқ. Алдағы уақытта Еуропаға турға шығу жоспарымызда бар, себебі бірнеше рет шақырту алғанбыз.
Өзіңе қай әншілер және режиссерлер ұнайды? Кімдерге еліктегің келеді?
Мархаба Сабидің творчествосына қызыға қараймын. Режиссерлерден – Кубанычбек Адылов. Ал еліктеу жағына келетін болсақ… өнерде мен үшін идеал жок. Өмірде әкеме еліктеймін.
“Түнде” алғашқы альбомың ба? Әндеріңнің көбі түн туралы. Түннің адамысың ба?
Иә, алғашқы альбомым – TUNDE. Әндерімнің барлығы емес, бірақ жартысынан көбі түн туралы. Мен ойымнан құрап алмай, не көріп жүрмін, не істеп жүрмін, сол туралы жазамын. Әр әннің өзіндік бір тарихы бар. Болашақта не боларын білмеймін, бірақ дәл қазір түннің адамымын.
Ресейлік қысқаметражды Черномор фильмі сен түскен алғашқы фильм бе? Ол фильмнің сценарийлер конкурсында 319 сценарий ішінде үздік болғаны рас па?
Иә, кино әлемінде дебютым – Черномор. Шынымды айтсам үздік болғанын сізден естіп тұрмын. Мен тек шақырту алып, барған адаммын.
Түрлі жанрларда эксперимент жасаймын дейсің. Негізі қай бағытта қалмақшысың жалпы?
Жаныма жақын тартып тұратыны -рок жанры. Бірақ бір рокпен шектелгім келмейді.
Сен туралы алматылық достарымнан естідім, әндеріңді Телеграмда бөлісті. Алматыда кабактарда шығып жүрсің бе? Сені қай жерлерде тыңдауға болады?
Кейде караоке клубтар шақыртып барғаным болмаса, кабакқа шыққан емеспін. Күзде концерт бергелі жатырмын. Осы уақытқа дейін 2 шағын концерт бердік.