Жандос Байділдә: “Комментаторлық – бұл журналистика, журналистика – дəлдік, нақты ақпарат беру”

Спорт комментаторы Жандос Байділдәмен комментаторлық туралы сұхбат

Комментаторлық бізде әлі кәсіпқой дамыған сала емес. Көрермен жиі сынап жатады. Комментаторлардың атын білгенімен, халық оларды көшеде танымауы мүмкін. Осы сала туралы комментатор Жандоспен сұхбаттасқан едім.

Әлем чемпионаты үшін негізгі жұмысыңнан отпуск алғаның рас па?

Демалысты Əлем чемпионатына туралап алғаным рас. Тіпті, осыдан алты ай бұрын өтініш жазғанда солай жоспарлағам. Себебі, клубтық ойындарды жаппай қарайтындар өте аз, ал Əлем чемпионатын тіпті футболды түсінбейтіндер де көреді. Тыңғылықты дайындықпен, үлкен ізденіспен, зор ықыласпен, мол энергиямен эфирге шықпасаң болмайды.

Матч жүргізуден кайф аласың ба?

Футбол, үлкен теннис, дзюдоны ықыласпен жүргізем. Бұл спорт түрлері ерекше ұнайды. Əсіресе, елдің бəрі үңілетін, күллі əлем көретін эфир қолға тигенде қанаттанып отырам. Бірақ, эфирден кайф аламын деп өзіңді қызықтап кетуге де болмайды. Жауапкершілік һəм еркіндік болу керек.

Қанша төлейді матч басына?

Əр матчқа 9 мың теңгеден төлейді. Қолға тиетіні 8 мың шамасы.

Комментаторларды жиі сынайды. Сенің ойыңша критика қаншалықты дұрыс? Өзің адекват қабылдайсың ба?

Ең көп сыналатын – ол комментаторлар шығар. Сын деген қазір мен үшін қалыпты нәрсе, бірақ кейде қарғап-сілеп, боқтап-бұралап артық кететіндер бар. Сондағы уəжі “Барсаға бүйрегі бұрып отыр”, болмаса “Реалға болысып отыр” деген сылтаулар. Конструктивный сын көп айтыла бермейді. Сосын комментатордың атын атап сынау жоқ, басқаға айтқан пікірін жалпыға таңып кетеді.
Несіп Жүнісбай дейтін ардагер спорт журналисі бар, сол кісі әрбір матчымды қарап, жіберген қателерімді тізіп береді. Сосын елдің алдында емес, сынды жекеме жібереді. Елдің алдында масқарамды шығарам десе де ол кісінің моральдық құқығы бар. Бірақ, ол кісі олай ұнжырғаңды түсіріп, бетіңнен қақпай сынайды. Сəкен Сыбанбай ағамыз да солай. Ол кісі тіпті матч үстінде жекеме шығып, қызықты ақпараттарымен, ойларымен бөлісіп отырады. Сынның артында осындай жанашырлық та болу керек деп ойлайм.
Мысалы біреу электрик, оның жұмысына тек басшысы ғана баға береді. Біреу бухгалтер, оған да баға беретін басшылары. Ал комментаторлық кез-келген адам баға беретін, ерінбегеннің бəрі сынай алатын жұмыс. Сондықтан сынға да саналы түрде қарау керек.
Бізді кейде профессионал комментаторларға қойылатын талаптармен сынап жатады. Кешіріңіз, бұл жерде ешкім профессионал емес. Бірақ, профессионализмге ұмтылғысы келетіндер бар.

Халыққа не ұнайды? Көркем сөз бе, әлде нақты алаңдағы нәрсе ме?

Аудитория алуан түрлі. Еңбектеген баладан еңкейген кəріге дейін эфирден футбол тамашалайды. Оның ішінде футболды бірінші рет көріп отырғандар бар, тіпті кәсіби футболшылар да бар. Сондықтан, ортақ тілмен сөйлеу керек. Бұрын футболға тек спорттық көзқарас еді, қазір коммерциялық көзқарас басым сияқты. Көбі бəс тігіп қарайды, ставкасының күйін күйттейді.
Мақалдатып жүргізуді өз басым қатты қолдамаймын, бірақ əдемі теңеу, сәтті тіркес болса жөні басқа. Комментаторлық – бұл журналистика, журналистика – дəлдік, нақты ақпарат беру. Онсызда “асабашалыс” журналистикадан арыла алмай жүрміз. Бірақ, байқауымша мақалдатып сөйлеу көпшілікке əлі де ұнайтын сияқты. Өз басым комментатордың эфир үстінде бар-жоғы білінбесе – матчтың сәтті өткені деп білем. Комментатор – ол картинаны сүйемелдеуші ғана.

Фаворитің кім Мундиалда?

Өзіме Бельгия құрамасы ұнайды. Бұл ел 2000-жылдардан бастап футболға реформа жасады. Еуропа чемпионатын Голландиямен бірігіп өткізген соң футболға ден қоя бастады. Қазіргі Лукаку, Азар, Де Брюйне, Куртуа дегендер сол жұмыстардың жемісі.
Англия құрамасы мен Испания əу бастан ұнайды. Бельгия – тарихы мен тәжірибесі жағынан фаворит деуге келмес, бірақ 2014 жылғы “бөлтіріктер” бүгінде “көкжал” болды. Ысылды, төселді.

Ұнамайтын командаңды эфирде мал қылған кездерің болды ма?

“Ұнамайтын” команда деген менде мүлдем жоқ екен. Ұнамайтын ойын, ұнамайтын əрекет бар. Комментаторлық жұмысты қатар алып жүргелі нақты бір командаға деген симпатияны ішімде сақтаймын. Кейбір ойыншыларды әрекеті үшін жер-жебіріне жеткізіп сынап тастағың келеді, бірақ өзім профи болмасам да, ондай əдетті непрофессионализм деп есептейм.

Әйеліңнің футболға көзқарасы қалай? Зайбалы шыққан жоқ па мына футбол марафонынан? Жалпы жанкүйер әйелдеріне қандай кеңес берер едің?

Əйелім футболға қатты қызықпайды. Бірақ, менің фанат екенімді ескеріп, бұл махаббатымнан “айыруға” тырысқан кезі жоқ. Мен енді тек қызығып қана қоймай, футбол жүргізіп, аз болса да “нəпақа” тауып жүрм ғой😃. Ал футбол көрем деп тапқанын кафе, барлар мен букмекерлік кеңселерге жіберетіндердің әйелдеріне ешқандай да кеңесім жоқ. Просто понять и простить 🙂

Стилің қандай? Жалпы қазақ комментаторларда қалыптасқан стиль бар ма?

Нақты бір стиль қалыптастырдым деп айта алмайм. Менің стилім – еркіндік һәм жауапкершілік. Орнымен эмоция, картинадан айрылмау, статистиканы қажет кезде ғана пайдалану. Футбол айналасындағы трендтерді қолдануға тырысам.
Стиль қалыптастырған комментатор – Амангелді Сейтхан ағамыз ғой, Ермұхамед Мəулен де сол ізбен келе жатыр, ұнататындар көп.

Футбол туралы көбіне орысша терминдермен сөйлесеміз. Қиналмайсың ба эфирде сол жағынан?

Əрине, футбол туралы көп ақпарды орыс тілінен, немесе ағылшынша материалдарды орыс тіліне аударып аламын. Себебі футболды қазақша талдап жазатын маман жоқ. Оның үстіне бізде жазба тіл мен ауызекі тілдің айырмашылығы жер мен көктей. Қалай сөйлесең солай жаза алмайсың, немесе қалай жазсаң солай сөйлеп кете алмайсың. Көп термин қазақшаланбаған, құлаққа сіңісті боп кетпеген. Осы дүниелер эфирде біраз қиындық туғызады. Оның үстіне бізде әлі күнге дейін транслитерациялық жүйе жоқ. Шетелдік футболшылар мен елдердің атауына байланысты түрлі қиындықтар бар. “Венгрия ма, Мажарстан ба?”, “Германия ма, Алмания ма?”, “Си Цзиньпин бе, Ши Жыңпын ба?”, “Египет пе, Мысыр ма?”, “Хайсафи ме, Хаджсафи ме?” деген сияқты сұрақтар алдымен жиі шығады. Орыстілді академиялық ортада шетелдік атаулар мен есімдерді кириллицаға түсіретін транслитерация жүйесі қалыптасқан. Ал, бізде жоқ. Сондықтан Гана ойыншыларының есімін ағылшын транслитерациясына сүйеніп, Франция колониясындағы елдердің атауларын француз транслитерациясына сүйеніп айтамыз. Көп жағдайда бірізділік үшін орыстардың академиялық транслитерациясына жалтақтауымыз сондықтан. Бұл енді кешенді проблема. Оны түсінбейтін көрермендер өте көп.
Ұлттық арна плей-офф кезеңінен бастап таза қазақшаға көшеді деген, бірақ ресми ақпар қолымда жоқ. Бірақ, Ермұхамед Мəулен екеуміз талайдан бірге жұмыс істегіміз келеді, бұйырса жақын күндері тамаша тандем құрамыз деген жоспар мен үміт бар.

Аршат Ораз

КерекИнфо блог-платформасының құрушысы. Блогер. Web мастер. Медиа-лектор

3 пікір

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Close