Динагүл Тасова: “Адамдар модельдікке, мен жабайы коменттерге үйрене бастадым”
Динагүл Тасова - интернет арқылы танымал болған модель. Өзбекстанда туған, Павлодарда өскен. Негізгі мамандығы - журналист, ақпарат саласында қызмет етеді. Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетін журналист мамандығы бойынша бітірген
Дина, сені жұрт “депутат” модель ретінде таныды. Модельдік қосымша жұмысың ба, негізгі жұмысың ба? Бұл салаға қашан келдің?
Модельдік негізгі жұмысым емес, қосымша жұмыс. Модель болам деген ойым жоқ еді. Бір күні көшеде құрбыммен кетіп бара жатқан кезімде, бір агенттіктің өкілі қайта-қайта кастингке шақырды. Мен оған ойланып, әзер дегенде кастингке барғам. Кастингте мені Қазақстанның Топ-5 әдемі моделіне таңдап алып, бірден сол агенттіктің “лицосы” атандым. Осылайша қосымша жұмысым модельдік болып кетті. Одан кейін “Miss Astana” конкурсына қатысып, “Miss Әдемі-ай” номинациясын алдым, “Russian World Beauty” конкурсында “Vice-Miss Russia” атағын алдым, Бакуде өткен халықаралық конкурсте министрдің алғысхатын алдым, былтыр Арменияда “Top Model СНГ” конкурсында “Үздік Медиа Модель” атағын жеңіп алдым.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Сол оқиғадан кейін танымал болдың ба? Біреулер қолдан жасалған пиар әрекет дейді. Әлде шынымен интернет бір күнде танымалдық әкелді ме?
Негізі шығармашыл ортада мені танитындар көп болатын. Бірақ мүмкін қатты танымалдыққа себепкер интернет болған болар. Себебі барлығы тез тарайды, ақпарат жедел жетеді. Хайп деген дүние бар, айтпағанды айтты деп, демегенді деді деп хайп жасайтындар бар. Депутатпын ба, емеспін бе, бәрібір депутат-модель деп шығарып жіберген де интернет.
Модельдік негізгі жұмысыңа кедергі болмай ма?
Жоқ, менің жұмысымның модельдікке кедергісі жоқ. Өйткені “показдардың” уақыты көбіне демалыс күндері болады. Және мен қазір бағалы модель болғандығымнан кей түсірілімдердің уақытын өз графигіме қарай белгілеймін.
Желіде саған неше түрлі негатив комент жазылады. Кейде соларға жауап беріп отырасың. Игнор жасауды үйренбедің бе?
Желіде жазылған коменттердің көбіне қазір мән бермеймін. Тек сырттай қарап күліп отырамын “басқа істейтін ештеңелері жоқ па екен?” деп. Таныстарым тек комент оқуға кіреді екен, сосын маған скрин жасап жіберіп отырады. Мен туралы кім айтпады? Жұлдыздар да бар. Айтпағанды айтты, жазбағанды жазды деп шығара береді. Эфирлеріме кіріп, неше түрліні жазады. Бірақ мен өзім біреудің парақшасына барып жазбайды екенмін. Түсінгенім: көре алмайтындар көп екен. Қолдайтындар да көп. Бірінші шыққан кезде негатив көп болатын. Қазір басылды. Қазақстанда модельдік дүниені таныту оңай болмады. Қазір бағалы модель болып қалыптастым. Модельдікке адамдардың да көзі үйрене бастады, мен де жабайы коменттерге бетім үйренді. Қазір көп нәрсеге мән бермеймін. Маған ұнамайтыны – әке-шешем, туысқандарым туралы жазатындары. Ол енді жеке өмір. Оған араласуға болмайды. Мен ешкімнің жеке өміріне араласпаймын. Басқа біреумен шаруам жоқ адаммын.
Жақсы пікірлер де көп болар, модель ретінде тапсырыс беріп шақыратындар көп пе, әлде қыз ретінде тиісетіндер көп пе?
Модель ретінде шақыратындар көп. Қыз ретінде тиісетін фанаттарым көп қой. Түсінем енді, жас жігіттер, ер азаматтар ғой көбіне. Жақында қызық болды. Бір барға қонақ ретінде шақырылғам. Сонда есік алдында таксилететін бір үлкен кісі “Қолыңызды алсам бола ма? Сізді көрсем деп армандаушы едім” дейді. Сөйлестік, рахметін айтып, ризашылығын білдірді. “Сіз молодецсіз, құрметтеймін” деді. Елемеген болып өтіп кетуіме болар еді. Бірақ мен әр назарды құрметтеймін. Әрбір маған деген жеке ойды бейжай қалдырмаймын, бағалаймын, құрметтеймін. “Қызым болшы, бір түнге шақыртсам бола ма?” деп жазатындар болатын. Мұндайлардың ешқайсысына мән бермеймін. Біріншіден, бұндайлар менің деңгейіме сәйкес келмейді. Екіншіден, бұл мүлдем дұрыс емес нәрсе. Шешінгеннің бәрі жеңіл жүрісті қыз емес. Мен бұған таза жұмыс ретінде қараймын. Әрі қарай мұны жеке өміріме араластыра алмаймын. Өзімнің табиғатымды бұзу немесе жүрегіме қарсы жасанды тірлік жасай алмаймын. Қанша миллион ақша берсе де.
Тоқалдық немесе күйеуге шығу туралы ұсыныстар болды ма?
Тоқалдық ұсыныс өте көп болады. Қазір енді айтпайтын болды. Менің мінезімді біледі. Бұл тақырыпта сөйлеспейтінімді, жақтырмайтынымды көп адам біледі, қас қабағымнан.
Денеңнің қай жерлерін жасаттың? Немесе ашық сұрайыншы, емшек өзіңдікі ме? 😉
Кеудемді жасаттым, 1 жыл бұрын. Кредит алып жасаттым. Бұрыннан ойымда болатын жасату. Өзімді іштей дайындадым, мамандардан кеңес алдым. Ақылмен келдім бұл дүниеге. Бұрын комплексім болған жоқ. Кеудем кішкентай кезде де “прозрачный показдарға” шығып жүретінмін. Өз қалауым осылай болды.
Бос уақытыңда немен айналысасың? Не ұнайды?
Менің бос уақытым мүлдем жоқ. Ұйықтауға да уақыт болмайды кейде. Жұмыста қонып қалатын кездерім болады, кейде тамақ та ішіп үлгермеймін. 3-4 жерде жұмыс істеймін. Біреудің тоқалы болмаған соң, жігітің болмаған соң, жаман ұсыныстардан бас тартқан соң, былайша айтқанда жағдайыңды жасап беретін адам болмаған соң, күн көру үшін бір жерде жұмыс істеп, ақша табу мынандай үлкен қалада мүмкін емес. Мен де ел қатарлы жұмыс істеп, нанымды адал тауып, кредитімді жауып жүрген адаммын.
Қандай ішімдік ұнайды? Кальян шегесің бе?
Кальян мүлдем тартпаймын. Маған ұнамады. Табиғатыма жат екен. Ішімдікті ішетін жер болады, ішпейтін жер болады. Көңіл күйім болса, қасымда сенімді адамдар болса ішуге болады. Маған шарап ұнайды. Виски-кола, коньяк дегендер ұнамайды. Одан да 100гр арақ ішкен жақсы. Ол таза спирт, микроп өлтіреді. Ал жалпы ішімдікке онша жақын адам емеспін.
ЛГБТ қауымдастыққа көзқарасың қалай?
Жалпы жүрген ортам осы дүниеге жақын. Гример жігіттер бар, еркекшора қыздар бар. Олар не себеппен ондай болғанын, психологиялық жағдайын білмейміз. Ештеңе айта алмайды екенмін бұл тақырыпта.
Ертең сайлау болса, қай партияға дауыс берер едің?
Президент сайлауында Тоқаевқа дауыс бердім, бірақ оны жария қылған жоқпын. Жалпы бүгінге дейін сайлауларды жіберіп көрмедім, міндетті түрде барамын. Осы жолы да құпия болсын, айтпай-ақ қояйын. Алдын ала айтуды ұнатпаймын. Уақыты келсін, көре жатарсыздар.
Оқырмандарың көп болар? Модельдіктен бөлек, блогер ретінде ақылы посттар шығарып көрдің бе?
Модельдіктен бөлек блогерлік пост жазып көрмеппін. Болад кейде жарнамалық пост. Өзімді блогермін деп санамаймын. Қазір екінің бірі блогер ғой. Мамандығына келсе, өз саласы бойынша болса түсінер едім. Қазір иттің итақайы блогер болып кетті ғой. Мен ондай блогер болғым келмейді. Өзімнің жұмысым мың есе артық.
Модель болғысы келетіндерге қандай кеңес бересің?
Модель болғысы келетін қыздар да, жігіттер де хабарласады. Бір жаңалық айта кетейін: мен қазір ешқандай агенттікте жоқпын. “Өзіңіздікін ашасыз ба?” деп сұрайтындар көп. Ата-аналар жиі хабарласады, балаларын оқытқысы келеді екен. Ол жағын да ойланып жүрмін. Қоғам қалай қабылдайды? Біздің қоғам “кеудесін ашқан қыздан не үйренеді?” деп қабылдайды ғой. Мен бірақ өте білікті маманмын. Бұл саланың майталманымын. 6 жылдан асып кетті жұмыс істеп жүргеніме. Қаншама рет шетелде болдым. Оның өзінің техникасы бар. Қалай дұрыс жүру керек, қалай дұрыс қозғалу керек, қалай дұрыс тоқтау керек, қалай дұрыс көрсету керек? Камераның алдында өзін қалай ұстау керек? Аяқпен қалай дірілдемей жүру керек, кез келген аяқкиіммен? Басты көтерудің өзінің техникасы болады. Қалай күлу керек? Мұның бәрін 1-2 күнде үйренетін нәрсе емес. Осыдан 1 жыл бұрын кәдімгідей сабақ беретінмін. Ақылы курстар өткізетінмін. Қазір оған уақытым жоқ. Модель болуға ұмтылатын қыздар, жігіттер модельдік агенттікке жазылып, оқысын. Егер ұсыныс көп болса өзім ашып оқытамын. Қолымнан келгенше үйретемін, оқытамын, тәжірибемді бөлісемін. Менің тек емшек ашудан басқа да талай мықты өнерлерім бар. Оны көбісі білмейді. Шешіну оңай ғой, ал менің ішкі жан дүнием әлі ақтарылған жоқ. Оны ешкім білмейді.