Бэлла Орынбетова: «100 жаңа есім» жобасының мақсаты – жұртқа таныс емес, жаңа есімдерді шығару

El.kz порталының бас редакторы Бэлла Орынбетовамен "100 жаңа есім" жобасы туралы сұхбат

«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының не қажеті бар? Бұл жоба бізге не береді?

Аршат, медиа психологияны өзгелерден артық білесің. Мысалы, қазіргі қоғамда жақсы жаңалықтың таралуынан, негатив, зорлық-зомбылық туралы жаңалықтардың таралуы жылдам әрі географиясы да ауқымдырақ. Мысалы, жеті атасынан бері етікші болып келе жатқан осындай тамаша адам бар десек, ол кімге қызық? Ал біздің қоғамымызда тек келеңсіз оқиғалардан басқа жағымды жаңалықтар да, мықты тұлғалар да бар. Тұлға дегенім әсте шоу-бизнес өкілдері емес. Олар ғалымдар, медицина қызметкерлері, бизнесмендер, мұғалімдер, қарапайым еңбек адамдары бір сөзбен. Жоба осындай тасада қалып бара жатқан қаһармандарды елге көрсетуді көздейді. Жас буын пиаршыл арзан жұлдыздарға емес, нағыз тұлғаларға қарап бой түзесін деген мақсатты көздейді деп ойлаймын өз басым.  Айтпақшы, етікші дегеннен есіме түсті. Былтырғы жылғы 100 есімнің ішінде Рашбиль Евдаев деген кісі бар. Еңбек жолын етікшінің көмекшісі болып бастаған. Кейін етікші, аяқ киім жөндеу цехінің шебері болды. Қазір кім болып жұмыс істейді деп ойлайсыз? Рашбиль Евдаев қазір Петропавл қаласындағы аяқ киім фабрикасының директоры 🙂

«100 жаңа есімнің» биылғы маусымында қандай өзгерістер бар?

Елімізде түрлі үкіметтік емес ұйымдар, бірлестіктер, қоғамдық ұйымдар, қауымдастықтар көп. Талай игі шараларды атқарып, қоғамға игі істерді бірлесіп атқаруда. Білім беру болсын, қайырымдылық, денсаулық сақтау, аз қамтылған топтардың мүддесін қорғау сияқты салаларда жұмыс жасауда. Жеке адамдардан гөрі осындай бастамашыл топтардың жұмыла көтерген жүгі әлдеқайда салмақтырақ. Осындай бастамаларды қолдау, салалық бірлестіктерді, ұйымдарды насихаттау масатында биыл өтінімдер институционалды түрде қабылданады деп ұйғарылған. Дегенмен жеке азаматардың өтінішін де қалыс қалдырмауды шешті. Дегенмен осындай ұйымдар атынан келген өтініштерге басымдық беріледі.

Онсыз да танымал шоу-бизнес, өнер, әдебиет, спорт саласының өкілдерін жаңа есім деп атау қаншалықты дұрыс? Еңбегі былайғы жұртқа байқалмайтын медицина, ғылым, технология, мемлекеттік қызмет саласын алдыңғы планға шығару жоспарда жоқ па?

Көптеген адамдар жобаның ЖАҢА есім атауына мән бермейді-ау деймін. Жобаның мақсаты жұртқа таныс емес, жаңа есімдерді шығару. Былтырдан бері өтініштердің арасында елге танымал шоу-бизнес өкілдері, спортшылар көп болды. Танымал есімдерді барынша алып тастап отырдық. Өтінімдерді іріктеген кезде өз арамызда шағын сауалнама өткізіп, «мына тұлғаны танисың ба?» деп сұрап отырамыз. Көпшілігі естімедік десе, үміткерлер сапына қосылады. Былтырғы жоба арасында да спортшылар болды, алайда олардың есімі халықтың 90 пайызына таныс деп айтпас едім. Ал сен айтқан медицина, ғылым, технология саласынан өтінімдер болды. Олардың көпшілігі жеңімпаз атанды. Мысалы, 102 адамның салалар бойынша бөлінісіне қарайық:  бизнес – 16 адам, мәдениет – 8 адам, медицина – 18 адам, ғылым – 19 адам, қоғам – 18 адам, спорт – 13 адам.  Шынын айтсам, соңғы уақытта әлеуметтік желілерде медицина қызметкерлеріне сенім жоғалғандай, көңіл толмаушылық көбейгендей болып еді. Әлі есімде, біз дауыс беру кезеңінде редакциямызбен Астана қаласындағы ірі сауда орталықтарының бірінде акция өткізіп жүрдік. Сауда орталығында жүрген адамдарға келіп жоба туралы айтамыз, планшеттен қалай дауыс беру керектігін көрсетіп, шағын сый-сияпатымызды береміз.  Сол кезде киімі жұпыны бір апай кішкентай қызымен жүр еді. Біз таратып жүрген шарға қызықты ма, анасы тоқтап, сөзімізге құлақ салды. Жоба туралы айтып, қатысушыларды көрсетіп жатырмыз. Апайдың медицина саласындағы үміткер бір дәрігерге көзі түсіп кетті. «Мына кісі Алмат деген кісі ма?» деп сұрады. «Иә, ол кардиохирург» дедік. «Бірнеше жыл бұрын жолдасыма операция жасаған. Өте күрделі операция еді. Тіпті іштей қоштасып, дайын болған едік деді. Осы кардиохирург операция жасаған еді. Ол кезде жағдайымыз болмады. Бірақ іштей қолымнан келсе жақсылығын қайтарамын деуші едім. Егер менің дауысым титтей де көмек бере алса, үйге барып дауыс беремін» деді толқып. Мен ойлаушы едім, кез келген жақсылықты да, жамандықты қайтаруға мүмкіндік беріледі деп. Бұл оқиға бұған тағы да көзімді жеткізді.

Биыл да сауалнама онлайн бола ма? Жалпы онлайн сауалнамаларда ешқашан әділет болмайтынын интернет саласында жүрген сен және мен өте жақсы білеміз  ғой? Бұған қандай шешім бар?

Иә, онлайн болады. Басқаша қалай шешуге болады? Онлайн дауыс беру кезінде бір пошта жәшігінен, бір телефон номерінен бір ғана дауыс беретіндей етіп жасадық. Әрине, сен менен де жақсы білесің дауысты қалай көбейтуге болатынын 🙂 Шынында да, бір күндік пошта ашып, дауысын көбейткендер болды. Жасырудың қажеті жоқ. Бірақ біздің ІТ бөлімінде де ақылды адамдар жұмыс жасайды. Фейк пошталарды анықтаудың қиындығы жоқ негізі. Бірақ техниканы алдайтындардың амалы таусылмайды емес пе. Кез келген бөгетті бұзатын тәсілдер болады. Адамның ойлау қабілеті мен санасына тағзым 🙂 Бірақ адамдар қол қойып, куәлігін көрсетіп дауыс беретін жүйе жасамаймыз ғой? Сондықтан қоғамның санасына, адами адалдыққа үміт артудан басқа лажымыз жоқ. Меніңше жалған дауыс жинап, тізімге енгеннен адамдар да ләззат алмайды. Түптеп келгенде 100 есімге ендіңіз делік. Ешқандай материалды, рухани марапаттау болмайды. Қайта былтырғы 100 есім жобасының жеңімпаздары алғаннан гөрі көбірек берді. Түрлі кездесулерге қатысты, уақытын сарп етіп әлеуметтік жобалар жасады. Оларға бұл жұмысы үшін бір тиын төленбеді. Қайта қала-қаланы аралаған билетін де өз қалтасынан көтерді.

Былтырғы маусымнан пафос, науқаншылық байқағандаймын. Иә, Рухани жаңғыру бағдарламасында көп нәрсе есеп үшін жасалады. Бірақ осындай «100 есім» сияқты жақсы идеяны шынымен бұқаралық және қызық өткізу үшін не істеу керек?

Өкінішке қарай, рас кез келген жобаны рухани жаңғыру аясында өткізіп жіберуге тырысады. Бұл меніңше мемлекет саясатына пайдасынан гөрі зияны көп. Шындап келгенде «рухани жаңғыру» өте мықты бағдарлама. Оны өз арамызда да талқылағанбыз. Ал орындау көңілімізден шыға ма? Айта алмаймын. Кез келген жиналысты, үш қайнаса сорпасы қосылмайтын конференция, жиындарды мемлекеттік бағдарлама аясына тыға салады. Әсіресе өңірлерде, аймақтарда көп байқаймын. Тіпті бағдарлама атауының өзін сүйкімсіз етіп барады. Мысалы, 100 есім жобасының жеңімпаздарының суретімен баннерлер жасадық. Әр қалада ілініп тұруы тиіс еді. Кейін сол баннерлер құрылыс алаңдарындағы қоршауларда тұрғанын көрдік. Жергілікті атқару органдары асыра сілтеп жібергенін түсіндік. Бізге жаңа форматқа өту қажет. Жарты саған жалынды ұрандармен баяндама жасап, лента қиятын шаралар емес, пайдалы мағлұмат беріп, идея қосатын шаралар қажет. Ал бізде әлі де көптеген дүние жоғарғы жақ үшін, есеп үшін жасалатыны жасырын емес. Меніңше халықтың да қолдауы, белсенділігі керек мұндайда.

Үміткерлерді басқа біреулер немесе адам жеке өзін ұсынады. Өзін өзі ұсыну бір түрлі емес пе? Жалпы, иә, біздің даңққұмар қоғамда қалыпты нәрсе шығар бұл. Бұны алып тастауға болмай ма? Өткен жылы өзін өзі ұсынғандар қанша пайыз болды?

«Жақсылар жақсымын деп айта алмайды,Жамандар жақсымын деп айқайлайды» демеуші ме еді. Мына адам өзін өзі берді, мынаны ұсынды деп нақты айта алмаймын. Бірақ өтінім берген адамдардың деректеріне қарағанда, кей мәліметтерді нақтылау үшін хабарласқанымызда өтінішті өздері бергенін байқаймыз. Қызық жағдай, әрине. Бірақ барлығы сондай деуге келмес. Былтырғы жоба жеңімпаздары ішінде тіпті жобадан бейхабар адамдар болды. Мысалы, нейрохирург Марат Саршаев дауыс беру аяқталғанша өзінің жобада екенін білмеген, тіпті оның тегі сайтта Сармаев деп қате жазылып тұрыпты дауыс беру аяқталғанша. Былтырғы жоба жеңімпаздарының бірі 61993 әскери бөлімшесінің ефрейторы Ғалымжан Әлеуханов есте қалыпты. Бірде ол жұмысқа бара жатып бір үйдің жанында жиналған адамдарды, бесінші қабаттан будақтаған қара түтінді көреді. Ойланбастан шатыр арқылы түсіп, жанып жатқан үйден 4-5 жас шамасындағы 2 баланы аман-есен алып шыққан. Балаларды медицина қызметкерлеріне табыстап, үсті-басының күйесін сүртіп, ары қарай жұмысына кеткен. Кейін сол жиналған адамдардың ішінде бірі Ғалымжанды танитын болып, алғыс ерлік иесін тапты. Ал Ғалымжанның үй-іші бұл жағдай жөнінде, баласының ардақты тұлғалар тізіміне кіргені туралы «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының жеңімпаздары туралы сюжетті теледидардан кездейсоқ көргенде бір-ақ білген. Мені тәнті еткен Ғалымжанның ерлігі ғана емес, қарапайымдылығы. Мұндай адамдар аз деп ойлайсың ба? Мен ойламаймын. Сондықтан сен айтпақшы даңққұмарлар емес, шын мықтылар жобада болсын десең, маңайыңдағы жақсылар туралы айт. Әрбір үлкен істің артында қарапайым адамдар болады. Ол сіз бен біз сияқты қарапайым адамдар. Сондықтан әлеуметтік желіде немесе сайтта өзің мықты санайтын тұлға туралы жазба күтемін.

 

Аршат Ораз

КерекИнфо блог-платформасының құрушысы. Блогер. Web мастер. Медиа-лектор

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Close